05-04-23 |
1400 рет қаралған
Ермұрат Бапи былтыр сотталған белсенді Боранбаев пен Намазбаевтың ісін қайта қарауға шақырды.
Ермұрат Бапи былтыр сотталған белсенді Боранбаев пен  Намазбаевтың ісін қайта қарауға шақырды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи қазақтың намысы үшін әлеуметтік желіде жазба қалдырып, сотталып кеткен Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевты босату жөнінде Бас прокуратураға сауал жолдады.

Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры
Берік Ноғайұлы АСЫЛОВ мырзаға
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті, Берік Ноғайұлы!
Ендігі өзіңізге анық-қанығы белгілі болғандай, Петропавл қаласында (СҚО) болған, СЕПАРАТИЗМ СИПАТЫНДАҒЫ оғаш оқиға Қазақстандағы сепараттық-жікшілдік пиғылдың өте актуальды тақырып екенін тағы бір рет көрсетті. Мемлекетіміздің территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіпті әлеуметтік элементтердің ауық-ауық бой көрсетуі «Жаңа Қазақстан» идеясына қарсы бағытталған және оған тікелей төнген қатердің бірегей белгісі деп бағалау керек.
Ел ішіне жік салу синдромы қоғамның қатты алаңдаушылығы мен зығырданын туғызып отырғанын баса айту керек. Сіз бен біз қоғамға жарықшақ салуға ұмтылған бұл мемлекеттік қаскүнемдікке қызмет бабымен ғана емес, азаматтық жауапкершілік пен перзенттік парыз тұрғысында алаңдаушылық білдіруіміз керек.

Иә, ел Конституциясы мен тиісті мемлекеттік заңдар кез келген СЕПАРАТИЗМГЕ қарсы тұра алады. Бірақ елдің тұтастығы мен халықтық мүдденің қасиеттін қорғайтын «ҰЛТТЫҚ НАМЫС» деп аталатын тағы бір құдіретті күш бар.
Осыған байланысты, Сізге депутаттық сауал жолдауымның ендігі мәні: біздің ұлы құндылығымыз – елдің ұлттық намысын қорғау жолында әртүрлі себептермен сотты болған азаматтарға байланысты болмақ.

МАРҒҰЛАН БОРАНБАЕВ әлеуметтік желіде ұлттық намысты қорғау сипатындағы жазбалары үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 174 және 179-бабы («Ұлтаралық алауыздықты қоздыру» және «Конституциялық құрылысты күшпен өзгерту») бойынша, Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының шешімімен 2022 жылғы наурызда 5 жылға сотталды.
ДАНАТ НАМАЗБАЕВ Фейсбук желісіндегі жазбалары үшін, «ұлтаралық алауыздықты қоздырды» деген айыппен – ол да бес жылға сотталды. Анығында, бұл азаматтар «ұлтаралық араздықтан» бұрын, ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ намысын жыртып, ұлттық мүддені қорғап, әлеуметтік желілердегі сепаратистік көзқарастарға қарсы шыққаны үшін сотты болды. Осы да әділеттілік пе, президент Қ-Ж. Тоқаев мырза мұрындық болған «Әділетті Қазақстанның» мұраты осы ма еді?!
Мен әділетсіз сотты бұл азаматтарды интернеттің виртуалды әлемінде Қазақстанның ұлттық мүддесіне араша түсіп жүрген намысқой жігіттер ретінде білетін едім. Бұл екеуіне қатысты тергеу ісінен бастап, кейіннен өткен бірнеше сот отырысына журналист ретінде қатыстым, бұл азаматтарды соттауға желеу болған «алауыздықты қоздыру» сараптамасын оқыдым.

Сондағы көзім жеткен жағдай – әлеуметтік желілер арқылы қазақтың ұлттық намысын қорғау жолында тәуекелге барған бұл жігіттерге өрескел ҚИЯНАТ жасалды. Бәлкім, сол кездері Қазақстанның төңірегінде қоюланған геосаяси жағдайдың «мұртын басу» үшін, халықаралық саясаттың талабымен сондай шектеу әрекеттері жасалуы керек болған шығар.

Бірақ, көршілес елдердің саяси елірмелері Қазақстанға, оның территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне күмән келтіріп, аузына келгенін айтып және жазып жатқан алауыз пікірлермен салыстырғанда, Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевтың әлемжелідегі әрекеті баланың ойыны болып қалды. Оларға қатысты жасалған қиянат пен әділетсіздік осы салыстырудан туындайды. Бір ел неге өзінің сыңарезу саясатшыларына тыйым салмайды, ал біздің ел неге өзінің елдік мүддесі мен халықтық намысын қорғаған азаматтарын соттайды?

Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігіне күмән келтіріп, ешбір тарихи негізсіз халықаралық алауыздықтың көрігін қыздырған жекелеген ресейлік депутаттар мен тележурналистер «орыс патриоттары» болып саналса, өз халқының намысын жыртқан, сол үшін тағдырлары тәлкекке түсіп, сотты болған Марғұлан мен Данат неге қазақ халқының патриоттары бола алмайды? Бұл қатарда қиянатпен сотты болған ел патриоты Ермек Нарымбаевты да атауға болады.
Қазақ халқы мен Қазақстан мемлекеттігінің бірлігіне қарсы жарты әлемге жар салған көрші елдің «ұраншылары» қылмыстық сотқа тартылмақ түгілі, өз билігі мен тиісті органдары тарапынан әкімшілік тұрғыда ескерту де алған жоқ. Ал ел намысы үшін әлеуметтік желіде пікір айтқан біздің екі жігіт неге сотты болады?

Бұған дейін Қазақстанда болып келген сепаратизм синдромын және Петропавл қаласында болған соңғы жікшілденуге ұрандаған жағдайды ескере отырып, Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты шыққан үкімді қайтадан қарайтын уақыт та, саяси себеп те, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждығы да туды деп есептеймін!

Құрметті, Бас прокурор мырза!
Ұлттың қауіпсіздігі мен оның болашағы алдында сіздің жауапкершілігіңіз лауазымдық қызмет шеңберімен ғана шектелмейді деп білем. Сіздің құзіретті қызметтегі сөзіңіз бен ісіңізден ел алдындағы азаматтық жауапкершілігіңіз мол екенін журналист ретінде аңдап жүрмін.

Ал мен өзімнің депутаттық сауалымда атын атаған Марғұлан мен Данат – Сіздің осы азаматтық сезіміңізге серіктес жігіттер. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның «Жаңа Қазақстан» идеясына қызмет етуге күш-қарымы кең-молынан жететін ел патриоттары. Мұндай табанды жігіттер түрмеде отырмауы керек, олар әділетті Қазақстанның жаршысы болуы тиіс және «Жаңа Қазақстан» идеологиясына қоғамды жұмылдыра алатын публицистік пәрмені мол жігіттер!

Сіздің есіңізге салайын: Бірқатар халықаралық құқыққорғаушы ұйымдар М.Боранбаев пен Д.Намазбаевты «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген. Демек, бұл жағдай Қазақстанның халықаралық имиджіне де кері әсерін тигізіп, ел президенті Қ-Ж. Тоқаев мырзаның әлемдегі дамыған демократиялық елдер басшылығымен ресми кездесулері кезінде үнемі алдынан шығатын келеңсіз тақырыпқа айналуда. Бұл бізге керек пе?

Ендеше, бұған дейін Қазақстанда болып келген сепаратизм синдромын және Петропавл қаласындағы жуықта болған жікшілденудің жиіркенішті жағдаятын ескере отырып, Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты үкімді қайтадан қарайтын уақыт та, саяси себеп те, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждығы да туды деп есептеймін!

Құрметті, Берік Ноғайұлы!
Өзіңіздің Бас прокурорлық құзіретіңізді пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотынан елінің ұлттық мүддесін қорғау жолында сотты болған намысты жігіттер Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты қылмыстық істердің ЗАҢ ТАЛАПТАРЫНА СӘЙКЕС ЖАҢАДАН АШЫЛҒАН МӘН-ЖАЙЛАРҒА (вновь откырвшиеся обстоятельства) байланысты қайта қаралы, әлеуметтік әділеттіліктің орнауына, азаматтардың бостандыққа шығуына ПӘРМЕН БЕРУІҢІЗДІ сұраймын!

АЗАМАТТЫҚ МІНЕЗ КӨРСЕТЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ!

Бұл депутаттық сауалды депутаттар Қазыбек Иса, Ринат Зайытов және Абзал Құспан қолдайды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты                                             Ермұрат БАПИ

Астана қаласы,
05.04.2023 жыл.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.