16-09-18 |
7330 рет қаралған
Баланы теріс ықпалдан қорғау – ата-ананың парызы.
Баланы теріс ықпалдан қорғау – ата-ананың парызы

      «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңда балалардың мүддесін көздейтін барлық міндет-мақсаттар мен мемлекеттік саясат анық көрсетілген. Онда мемлекеттің  «балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге, оларды кемсiтушілікке жол бермеуге, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiнің негiзгi кепiлдiктерiн нығайту, сондай-ақ құқықтары бұзылған жағдайларда оларды қалпына келтiруге,  бала құқықтары кепілдiктерiнiң құқықтық негiздерiн қалыптастыруға, баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi тиiстi органдар мен ұйымдар құруға, балалардың дене бiтiмi, интеллектуалдық, рухани және имандылық тұрғысынан дамуына, олардың бойында елжандылық, азаматтық және бейбiтшiл сезiмдердi тәрбиелеуге, сондай-ақ баланың жеке адами тұлғасының қоғам мүддесi, мемлекет халықтарының дәстүрлерi, ұлттық және әлемдiк мәдениет жетiстiктерiне қол жеткiзуi үшiн мүмкіндiктерiн ашуға жәрдемдесуге» міндетті екендігі ашық жазылған. Ендеше, біз осы ел заңдарын қаншалықты орындап, қай дәрежеде жүзеге асырып жүрміз? Өзіміздің болашағымыз деп есептейтін балалардың құқығын қалай қорғап, қандай тәлім-тәрбие бере алып отырмыз?

    Әлеуметтанушылар мен елдегі психолог мамандар балалар құқығының отбасында, қоғамдық орындарда, мектепте, тіпті балалардың өз қатарларының ортасында жиі бұзылатынын айтады. Және олар мұндай құқықбұзушылықтар балаларға тікелей әсер етіп, олардың психикасының өзгеруіне әкеліп соғатынын алға тартып отыр. Біз тілдескен психолог Балжан Сардарбекқызы өзіне мектеп оқушыларының отбасылық жанжалдармен жиі шағынатынын айтты. «Мектеп оқушылары өз қатарластарынан немесе өзінен ересек балалардан көрген қысымын айтпайды. Оларға одан гөрі, ата-анасының үстінен шағымданған әлдеқайда ыңғайлы. Мен мүмкіндігінше балалардың бәрімен жолдас болуға, құрдас болуға тырысам. Көбі  өз проблемаларын айтқысы келмейді, енді біразы ағынан жарылады. Жақында жоғарғы сыныптың бір қызы келді. Өзіне өзі қол жұмсағысы келетінін айтты. «Неге?» деп едім, өз отбасындағы жағдайының нашарлығына шағынды. Қалаған киімін киіп, қатар құрбыларымен тең дәрежеде араласа алмайтынын, үйде сабақ оқуына де жағдайдың жоқтығын жеткізді. Артынан ерген үш сіңлісіне қарап, үй шаруасынан сабақ оқи да алмайтынын, әкесінің жұмыс істемей тек ішімдік ішетінін, шешесіне, балаларына қол көтеретінін, шешесі елдің қара жұмысын істеп үй көрмей кететінін айтты. Анасы мен әкесі үшін намыстанатын, сол үшін үйден қашып кеткісі келетінін де мөлтілдеп жеткізді. Ішіне толған күйігін ақтарып, егіліп отырған қызға алғашында не дерімді білмей басынан сипап, бауырыма тартып едім, жылап жіберді. Сосын екеуміз отырып, ашық әңгімелестік, мен мұның бәрі уақытша қиындық екендігін, өмірінің енді ғана басталғанын, алдағы уақытта бұдан да қиын жағдайлар болуы мүмкін екенін айттым. Ал, адамдардың бәрі мұндай қиындықтан қашып, өзіне өзі қол жұмсаса, немесе үйінен қашып кетсе проблеманың бәрібір шешілмейтінін ұғындыруға тырыстым. Мұның басындағы қиындықтың ертең артында үш сіңлісіне түсетініне, одан да бәрін ақылға салуы керектігін жеткіздім. Екі сағаттық әңгімеден соң оқушы қызым өзінің сондай жеңілдеп қалғанын айтты. Алдағы уақытта да екеуміз кездесіп тұруға, бірге киноға баруға келістік. Ата-анасымен сөйлесуім керек екендігін ескертіп едім, оған рұқсат бермеді»-дейді психолог.

Балжан Сардарбекқызы өз тәжірибесінде тағы бір баламен отбасылық жағдайға байланысты әңгіме болғанын айтады. «Сегізінші сынып баласы. Тәртібі өте нашар, сабағы да мәз емес. Күнде төбелеседі. Өзінен кішілерге әлімжеттік жасайды. Мұғалімдерді тыңдамайды. Өзіме шақырдым. Келе сала асығыс екенін айтты. Сөйлесу өте ауыр болды. Әңгіменің соңына қарай ғана әлгі балам жібіді. Өзінің ата-анасын жек көретінін айтты. Әкесі таэквондо шебері екен. Үйдегі екі ұлға мүлдем көңіл бөлмейді. Анасы ауруханада тазалықшы. Екі бала үйде үнемі қараусыз қалады. Қит етсе ожар әке екі ұлды сабап тастайды екен. Анасы еш ара түспейді. Сондықтан бұл бала тез арада ержетіп үйден кетіп қалғысы келеді. Ата-анасына тіпті келмеймін де дейді. Өзгелерге неге әлімжеттік жасайсың десем, ол жігіттердің арасындағы заңдылық, сіз түсінбейсіз, апай. Әкем: «ылғи қасқыр бол, кәнден болсаң сені бәрі талап жейді деп үйретеді» -деп жауап берді. Тіпті не дерімді білмеймін. Міне, біздің бүгінгі ата-ананың тәрбиесі. Баланы өшпенділікке, толған агрессияға тәрбиелеп жатыр. Сынып жетекшісімен сөйлесіп көріп едім, ол кісі де баланың бойында тұнған агрессия екенін, айналасындағылардың бәрін жау көріп тұратынын айтты. Тіпті бірде сынып жетекшісі баланың тәртібінің, сабағының нашар екенін айтып, әкесін мектепке шақырғанын, әкесі келе сала мұғалімнің көзінше баласын аямай сабап тастағанын айтты. Сынып жетекшісі сол оқиғадан соң тіпті ата-анасына баласының үстінен шағым айтудан қалыпты. Баланы тағы сабап тастай ма екен деп қорқады. Міне, бұны қандай тәрбие дейсіз. Үлкенді тыңдамайтын, үлкеннің сөзіне алданбайтын бала болмайды. Тек кез келген әке-шеше сол перзентінің жүрегіне жол, көңіліне кілт табу керек.

Бүгінгі ата-аналардың өте жұмысбасты болып кеткені де балаға жаман болды. Бала бос кеңістікте өзі ғана оңаша қалды. Оның сол оңаша сәтінде оған теріс әрекеттер көмекке келді, интернет толы жауыздық, атыс-шабыс, жыныстық теріс тәрбие. Осы терезенің бәрін ата-ана балаға өзі ашып беріп кетті. Енді не дейсіз? Балаға қалай жаман нәрсе көрме, анаған қызықпа, мынаны ұстама дейсіз? Міне, біздің бүгінгі қоғамның келбеті. Кітап оқу сәннен қалды. Ендеше, балаға басқа қызықты альтернатива табуға тиіспіз ғой. Ол мейлі, жан-жануар болсын, орман, тау болсын. Ата-ана баладан қашады қазір. Бос уақытын онымен өткізгісі келмейді. Онымен бірге тауға шықпайды, балыққа бармайды, киноға бармайды, тіпті дәмділеп бір тамағын да істеп бермейді. Ата-анаға керек болмаған бала білгенін істейді, әрине.

Ортақ дүниелер ғана ата-ана мен баланы жақындастырады. Егер сіз балаңызбен бірге қызықты киноға барсаңыз, балаңызбен бірге аңға шықсаңыз, балық ауласаңыз сіздерде ортақ тақырып табылады, рухани жақындық пайда болады. Осындай дүниелер ғана баланы құры ұрыс, құры нотациядан аман алып шығады. Қазіргі балаларды әдемі сөзіңізбен таң қалдыра алмайсыз, оларды тек өз өнегеңмен, өз әрекетіңмен ғана таң қалдырасың»-дейді маман.

      Дамыған сауатты қоғам заңдылығы кәмелетке толмағандардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетiн қалыптастыру ең әуелі отбасынан басталатынын айтады.

    «ҚР  Баланың құқықтары туралы» Заңның 3-тармағы 36-бабында  «Баланы әлеуметтiк ортаның терiс ықпалынан қорғау» деген бөлік бар. Онда ата-ана  баланы оның денсаулығына, иманы мен наным-сеніміне және рухани дамуына зиян келтiретiн әлеуметтiк ортаның, ақпараттың, насихат пен үгiттiң терiс ықпалынан қорғауға мiндеттi. Одан бөлек, оған салауатты өмiр салтын насихаттау мен балаға құқықтық бiлiм беруге міндетті. Қылмыстық құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың немесе өзге де заңсыз әрекеттің салдарынан тән немесе жан жарақатын алған балаға денсаулығын қалпына келтіру және әлеуметтiк бейiмделу үшiн қажеттi көмек көрсетiлуге тиiс. Баланың заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз түнгі уақытта (сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін) ойын-сауық мекемелерінде болуына, сол сияқты онда жіберілуіне тыйым салынады» – делінген. Ендеше, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі үлкен. Баланы өмірге әкелу бөлек те, оның салауатты, сауатты азамат ретінде тәрбеленуіне жағдай жасау тағы бір міндет.

Тәртіп сақшылары бүгінгі таңда кешкілік мезгілдерде, рұқсат берілген уақыттан бөлек, яғни, түнгі оннан кейін көше кезіп жүретін, ойын автоматтарында отыратын, темекі мен ішімдік өнімдерін пайдаланатын балалар санының көптігін айтады. Ал, мұның бәріне ең алдымен, ата-ана жауапты болуға тиіс. Жоғарыдағы аталған «Бала құқығын қорғау туралы» заңда  «баланы алкогольдi өнiмдер мен темекi бұйымдарының зиянды әсерiнен қорғау» деген арнайы 37-бап бар.  Онда «Ең алдымен,  жасөспірім баланың ата-анасы, өзге де  заңды өкілдері,  мемлекеттiк органдар, сонымен қоса  баланы тәрбиелеу мен оған бiлiм беру функциясын жүзеге асыратын ұйымдар, (яғни білім ордалары)  салауатты өмiр салтын және алкогольдi өнiмдер мен темекi бұйымдарының зиянды екенiн насихаттауға мiндеттi.  Жасөспірім балаларға, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға  алкоголь өнімін, темекiнi және темекi бұйымдарын сатуға тыйым салынады. Алкогольдi өнiмдер мен темекi бұйымдарын өндiруде немесе сатуда бала еңбегiн пайдалануға тыйым салынады. Балалар тауарларын сататын сауда ұйымдарында және мәдениет мекемелерiнде, сондай-ақ балаларға арналған iс-шараларды жүргiзу кезiнде шылым шегуге, темекi бұйымдарын сатуға тыйым салынады. Денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық құрылыстардың, мәдени-демалыс ұйымдарының ғимараттарында және аумақтарында алкоголь өнiмiн сақтауға және өткізуге тыйым салынады» -делінген.

Учаскелік инспектор, полиция капитаны Талап Нұрбекұлы бұл заң баптарының көп жағдайда бұзылып жататынын айтады. Оның айтуынша: «қазіргі мектеп жасындағы балалардың қараусыз кеткені соншалықты, түн жарымда темекі мен ішімдікке тойып алып, таңатқанша көшеде әкелерінің көлігімен жүреді. Қаншама мәрте мұндай жағдайларға ұшырастық. Әке-шешесін шақырып, ескерту айтып, айыппұл саласың. Бірақ одан еш нәтиже жоқ. Ертесі әлгі баланы тағы көресің. Ойын автоматтарынан қанша баланы қуып жібересің. Бірнеше күннен кейін тағы көресің. Демек, ата-анаға баласының ертеңгі күні қандай болып шығатыны бәрібір деген сөз. Ата-аналардың бала тәрбиесіне соншалықты жауапсыз, жүрдім-бардым қарайтынына кейде налып кетесің. Баласын ұстап алып, түн жарымда хабарлама жібересің, қоңырау шаласың, үйіне барасың. Шырт ұйқыда жатады, тіпті есігін әрең ашып, әрең сөйлесетіндері де табылады. Өзіміздің ата-анамыз әбден жігіт болғанда да алаңдап сен келгенше ұйқы көрмей отыратын. Қазіргі тәлім-тәрбие басқа ма, кім біледі? Бір ойын автоматына дәндеген баланы ертең тоқтату қиын болады. Тек барын сатып, ақшасын жұтып отырғанда ғана «не болдым» деп басын ұстайды. Сондықтан, кез келген ата-ана баланы соншалықты төмен дәрежеге жеткізбеу керек деп ойлаймын. Оларды қадағалау полицияның жұмысы емес. Ата-аналар осыны ұқса дейсің. Өз балаңның жауапкершілігі өзіңде. Балаға бүгін ие болмасаң ертең оны дұрыс адам қылам демей-ақ қой.

      Бұл жердегі тағы бір мәселе ол, дүкендердің мектеп жасындағы балаларға темекі, алкогольды өнімдерді сатуды тоқтатпауы. Саудаға құныққан сатушылар мектеп жасындағы балаға да қарамайды, темекі сұраса темекі, арақ сұраса арақ бере береді. Адамнан ұят кеткен заман болды. Бұларды тіпті заңмен де қорқыта алмайтын болдық. Олар бір сәт өз балаларын ойласа дейсің. Біреудің баласы да өзінікі сияқты бала. Біз хаттама толтырып мектеп әкімшілігіне түсіреміз, балалармен жеке әңгімелесу жұмыстарын жүргіземіз. Бұндай ұжымдық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі керек. Ата-ана, мектеп, тәртіп сақшылары бірлескенде ғана оңды нәтиже болады. Әрбірден соң бала тәрбиесі бүкіл қоғамның бірлесіп атқаратын міндетті. Бала тарапынан болған бір заңсыздықты көрдің бе оны тоқтатуға, түзеуге сен де ат салыс» – дейді сақшы күйініп.

Расымен де, қай істе де ұжымдық жұмыстың берекесі бар. Бала тәрбиесі баршамызға ортақ. Осы тұрғыда, мектеп әкімшіліктерінің де жауапкершілігі артса дейсің. Мектептегі баяғы спорттық секцияларды қайта жандандыру, аула клубтарын тірілту, «жақыныңа жәрдемдес» акцияларын өткізу, «жасыл ел», «таза табиғат» марафондарын қолға алу баланың бос уақытын біршама азайтар еді.

 Бала бұл тұтастай бір ұлттың бейнесі, ертеңгі мемлекеттің тірегі. Кез келген отбасы елі алдындағы, ұлты алдындағы, мемлекеті алдындағы осы жауапкершілікті сезінсе, қанеки?! Дүниеге келген перзент толыққанды отбасында тұруға және тәрбиеленуге құқылы. Бұл құқық тек ата-ана тарапынан ғана емес, халықаралық және қазақстандық заңнамаларда көрсетілген және әрбір міндет баса айтылып, нақтылана белгіленген. Еліміздің саясатында  отбасы мен отбасындағы балаларды қолдау, оларды қорғау  бойынша барлық  іс-шаралар жүргізіледі.  Жыл сайын түрлі акциялар, мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар қолға алынып,  елімізде отбасылық және гендерлік саясат  тұжырымдамасы насихатталады. Және ол бағдарламаларды іске асыру мақсатында әрбір отбасы мен олардың мүшелеріне психологиялық және ақыл-кеңестік көмек көрсету жүзеге асырылады. Ана мен баланың құқығын қорғау, шаңырақтың шайқалуын болдырмау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мұндай ортақ істерде қоғамдық ұйымдардың, жеке одақтардың, қоғамдық қорлардың орны ерекше.

Қазіргі таңда кез келген құқық қорғау орындарында, ішкі істер бөлімдерінде, білім беру орталықтарында сенім телефондары үздіксіз жұмыс жасайды. Демек, мемлекеттік саясат толыққанды отбасы, бақытты жанұя, бақытты балалық, алаңсыз балалық идеяларының жақтаушысы. Және соның жолында үздіксіз жұмыс істеуші. Ендеше, ұрпақ қамын ойлайтын кез келген саналы азамат олардың алдындағы өз парызы мен қарызын да естеп шығармаса екен дейсің.

         «Бала – біздің болашағымыз» дегенді биік мінберлерден көп айтамыз. Бірақ, сол жалынды сөздің жалған ұран, жасанды тіркеске айналып кететіні өкінішті.

   Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.